Жоба аясында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан бір маршрутқа біріктірілді. Биылғы басты жаңалық — бағыттың алғаш рет Тәжікстан астанасы Душанбе қаласына дейін кеңеюі. Бұл өз кезегінде тарихи қалаларды жалғайтын мәдени көпірге айналмақ.
— Маршрут Алматыдан басталып, Түркістан, Самарқан, Душанбе және Ташкентті қамтиды. Жолаушыларға арнайы экскурсиялар, кәсіби гидтердің сүйемелдеуі және толық туристік қызметтер ұсынылады, — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ маркетинг бөлімінің бас менеджері Саян Нұртазин Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Жоба алғаш рет 2024 жылы жүзеге асып, сол уақыттан бері сұранысқа ие бола бастады.
— Жоба басталғалы пойыз 11 рет сапарға шықты. 3000-нан астам жолаушы қамтылды, — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ маркетинг жөніндегі бас менеджері Данияр Қабылжанов.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастама өңірдегі туризмнің дамуына тың серпін береді. Өткен жылы Орталық Азия елдеріне 25 миллионнан астам турист келгенін ескерсек, жаңа жоба көрсеткіштің артуына ықпал етуі мүмкін.
Биылғы маусымда туристік пойызбен 500-ден астам жолаушы сапарға шығуды жоспарлап отыр. Оның ұзақтығы — 6 күн.
— Барлық деталь ескерілді. Пойыз отандық өндірістен шыққан, 2023-2025 жылдары шығарылған «ЗИКСТО» зауытының заманауи вагондары пайдаланылады. Барлығы ұлттық нақышта безендіріледі. Жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған, интернет те қолжетімді, — дейді мамандар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, баға да барынша ыңғайлы деңгейде белгіленген.
— Жолсеріктер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Билет құны –ересектер үшін 300 мың теңге, балаларға 250 мың теңге. Оған қонақүйде тұру мен экскурсиялық қызметтер толық кіреді, — деді Саян Нұртазин.
Мұндай туристік пойыздар Еуропа елдерінде кеңінен қолданыста. Енді осы тәжірибе Орталық Азияда да жүйелі түрде жетілдіріледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туристік сала мен балалар спортын қолдау туралы заңға қол қойды.