Ертең "Қазақстан ғарыш сапары" Ұлттық компаниясы мамандары Францияға оуға аттанады
Францияға бірнеше байқау мен іріктеуден өткен, "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан, 200 үміткерден іріктелінген 24 маман бармақ. Оның құрамында - әлемнің мәртебелі ЖОО-да техникалық білім алған, ағылшын тілін мүлтіксіз меңгерген инженерлер, менеджерлер бар, төртеуі - техника ғылымының кандидаты, екеуі ғылым магистрі.
Ғарыш технологиясының арнайы конструкторлық- техникалық бюросының директоры Сергей Мурушкиннің айтуынша, мамандар екі жыл оқиды. "Біз бұл күнге ұзақ дайындалдық және күттік. Мамандарды іріктеу жұмыстары бір жылдан астам уақыт жүргізілді. Қатал іріктеуден өткен мамандар елдің, біздің үмітімізді ақтап, алдыға қойылған міндетті абыроймен атқарады деп сенеміз. Білімдеріне білім қосып, ертең өздері спутник жасай алатын дәрежеге жететіндеріне үмітіміз зор",-деді ол.
"Қазақстан ғарыш сапары" АҚ-ның президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша, мамандарды оқытуға үлкен қаражат бөлінген. "Ол шығындар өзін-өзі ақтайды. Өйткені, Францияға аттанатын жастар Қазақстанда бірінші болып жаңа ғарыш технологияларын игеретін және елімізде енгізетін болады. Ертең Астанада салынып жатқан "Ғарыш" қалашығында осы мамандар жұмыс істеп, ғарыш саласын дамытатын болады",-деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, Францияға білім алуға баратын 21 маманннан тұратын екінші топ биылғы жылдың шілде айында жіберілмек.
Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша Еуропа елдерінде Францияның "EADS" компаниясы - ғарыштық техникалар мен зымырандар шығаратын ең ірі және Еуропадағы ең бірінші ғарыштық компания болып табылғандықтан және әлемдегі екінші ірі компания болып табылғандықтан таңдап алынып отыр.
Ғарыш техникасының болашақ қазақстандық конструкторларының, сынақшы-инженерлерінің бірінші тобы Алматыдан Францияға ертең, 18 қаңтарда аттанады.
Мамандардың білімдерін жетілдіру Қазақстан мен Францияның ғарыш саласындағы стратегиялық әріптестігінің негізінде жасалған екі ірі көлемді жоба аясында іске асырылмақ.
Естеріңізге сала кетсек, 2009 жылы қазан айында елімізге Франция Президенті Николя Саркозидің мемлекеттік сапарының аясында ғарыш аппаратын құрастыру-сынау кешенін жасау, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі, технологияларды трансферттеу және Қазақстанның ғарыш саласы үшін мамандар даярлауды көздейтін біріккен екі ауқымды ғарыш жобасын іске асыруға арналған келісімге қол қойылған болатын.
Шара соңында сапарға аттанушы мамандарға Талғат Мұсабаев жайында жазылған кітап пен кәдесыйлықтар сыйға тартылды.