Ертең Көкшетауда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V Құрылтайы өтеді
Құрылтайды еліміздің көрікті өңірінің бірі Көкшетау қаласында өткізу туралы ұсынысты Елбасы өзі тапсырған болатын.
Құрылтайға еліміздің барлық облысынан, алыс-жақын шет елдерден делегаттар, танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары мен баспасөз өкілдерінен құралған 200-ден астам адам қатысады деп күтілуде.
Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және тағы басқалары баяндама жасайды деп жоспарлануда.
Сондай-ақ бұл Құрылтайда Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының төрағасы Тұрсынбаев Әбуислам, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Светлана Бабкина, Алла Платонова, Диана Мелихова, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Азат Шәуеев және тағы басқаларының сөз сөйлеуі күтілуде.
Жиырма жылдан астам тарихы бар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы бес жылда бір рет өткізіледі және тіл жанашырларының негізгі қызметінің көрінісі болып табылады. Ауқымды шараға айналған Құрылтай еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуына талдау жасау мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңейе түсуіне ықпал етер тың ұсыныстар жасауға мүмкіндік берері анық.