Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш Қоғамдық Кеңес биылғы жылдың наурыз айының 1-і күні Орталық сайлау комиссиясы төрағасының шешімі негізінде 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауындағы ақпараттық дауларды шешу мақсатында құрылған. Аталмыш қоғамдық кеңестің құрамына ОСК мен Байланыс және ақпарат министрлігінің, Әділет министрлігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіріп отыр. Кеңес сайлауалды үгіт науқаны барысында орын алған ақпараттық дауларды алқа отырысында қарап, шешеді және ол ОСК жанындағы консультативті кеңес беруші орган болып есептеледі. «Кеңестің негізі мақсаты -Президенттікке кандидаттардың ақпарат құралдарына қолжетімділігін теңдей қамтамасыз етіп, сайлауалды үгіт жұмыстарының ақпарат құралдарында объективті бақылау болып табылады», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қоғамдық Кеңестің төрайымы болып ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен тағайындалды. Қоғамдық кеңестің құрамына төрайымнан басқа сегіз адам кіріп отыр. Олар: ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, «Айқын газеті» ЖШС бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «7 Арна» телеарнасының Байқаушылар кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай, «Бас редакторлар клубы» Қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Мірболат Күнбаев, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Александр Тараков, ҚР Орталық сайлау комиссиясы аппараты заң бөлімінің меңгерушісі Арман Қапесов және ҚР Әділет министрлігі Ішкі әкімшілік департаментінің директоры Евгения Холмецкая.
Қоғамдық Кеңес сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру кезінде туындайтын ақпараттық дауларды алқалы қарау үшін құрылды және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Қоғамдық Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді және осы Ережені басшылыққа алады.
Барлық сайлау процесіне қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге және сайлау алдындағы науқан барысын БАҚ-та объективті жария етуге жәрдемдесу; БАҚ және олардың қызметкерлерінің сайлау процесіне қатысушылармен өзара қарым-қатынастардағы мүдделері мен заңды құқықтарын қорғау; БАҚ қызметінде этика нормалары мен кәсіби принциптердің сақталуына ықпал ету, сайлау процесіне қатысушылар мен БАҚ арасындағы дауларды және өзге де жағдайларды шешуге қатысу Қоғамдық Кеңестің негізгі міндеттері болып табылады.
Қоғамдық Кеңестің құзыретіне сайлау процесіне қатысушылардың қызметі мен олардың сайлау науқаны уақытында сайлау заңнамасын сақтауы туралы өтініштерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау кіреді.
Қоғамдық Кеңес өз құзыретінің шегінде: орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауға; Ортсайлаукомға ақпараттық дауларды шешу жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге; заңнамада белгіленген тәртіппен азаматтардан және қоғамдық бірлестіктерден, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Қоғамдық Кеңестің міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға; өз отырыстарында сайлау процесіне қатысушыларды, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, БАҚ өкілдерін сайлау туралы заңнаманың талаптарын сақтауы жөнінде тыңдауға; сайлау алдындағы кезеңде БАҚ-қа ұйымдастырушылық-әдістемелік, ақпараттық және өзге де көмекті көрсетуге;өз қызметіне сарапшылар мен мамандарды тартуға; Қоғамдық Кеңестің қызметі туралы материалдарды Ортсайлаукомның ресми web-сайтында жариялауға құқылы.
Қоғамдық Кеңес отырыстарын оның төрағасын сайлау науқаны кезеңінде қажеттілік шамасына қарай шақырады.
Қоғамдық Кеңес отырыстары Қоғамдық Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды.
Қоғамдық Кеңестің шешімдері қатысып отырған Қоғамдық Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және ұсынымдық сипатта болады.
Қоғамдық Кеңестің шешімдері жұртшылықтың назарына материалдарды БАҚ-та жариялау немесе Ортсайлаукомның ресми web-сайтында орналастыру арқылы жеткізіледі.
Қоғамдық Кеңес төрағасы Қоғамдық Кеңестің шешімдеріне және басқа да құжаттарына қол қояды, отырысқа енгізілетін мәселелерді айқындайды, өзге де ұйымдастырушылық-өкімгерлік функцияларды орындайды.
Қоғамдық Кеңес төрағасы болмаған кезеңде отырыстарда оның тапсыруы бойынша Қоғамдық Кеңес мүшелерінің біреуі төрағалық етеді.
Қоғамдық Кеңес қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуді Ортсайлаукомның аппараты жүзеге асырады.