Ертең Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді

АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат - Ертең, қазанның 13-і күні, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді. Онда бірқатар заң жобалары қаралады.

Мәжілістің жалпы отырысында «1998 жылғы 12 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы және Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерін орналастыру және оларға қызмет көрсету шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға түседі.

Бұл заң жобасы бойынша Сыртқы істер министрінің орынбасары Рапил Жошыбаев баяндама жасайды деп күтілуде. Сонымен қатар Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бағила Баймағамбетова қосымша түсінік береді.

Сонымен бірге Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттарын нақтылау бойынша Палата шешім шығарады.