Ертең республика бойынша «Жасыл жапырақ» акциясы өтеді

None
АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаевтың және «Табиғат» Қазақстан қауымдастықтары мен кәсіпорындары экологиялық одағының төрағасы

Мэлс Елеусізовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда республика бойынша бір мезгілде жасыл екпелер отырғызу жөніндегі «Жасыл жапырақ» акциясын өткізу жайында сөз болды.

Акция «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің бастамасы бойынша көтерілген мәселелер ауқымынан туындап отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады және Дүниежүзілік Жер Күнін мерекелеуге тұспа-тұс келтіріліп отыр. Акцияның өткізілуі халықтың қалық бұқарасы мен қоғамдық ұйымдарды жұмылдырып, Астана уақытымен 23 сәуірде 11:00 сағатта басталады.

Шараны өткізудегі мақсат - бұл елді мекендерді көріктендіру, экология мәселелерін орнықты шешу, жастарды туған өлкеге және еліміздің болашағына қамқорлық жасау рухында тәрбиелеу. Осыған орай, республикамыздың қалалары мен басқа да елді мекендерінде 100 мың түптен астам ағаш пен бұта отырғызу жоспарлануда. «Қазіргі кезде барлық облыстарда көшет материалы дайындалды, ағаш отырғызылатын жерлер, отырғызылған екпелерге күтім жасау және оларды алдағы уақытта сақтау бойынша жауапты тұлғалар белгіленді. Жалпы алғанда акцияға 1 млн. 200 мыңнан астам адам, оның ішінде 360 мыңға жуық жастар қатысады. Шараға Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің барлық ведомстволық бағынысты ұйымдары белсене қатысады, олар қазіргі күні 140 мың данадан астам көшет материалын дайындады. Жалпы алғанда облыстар әкімдіктерінің қарауындағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің табиғат қорғау мекемелері 23 сәуірдегі акция шеңберінде мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш тұқымдарының 3,4 млн. данадан астам тал шыбықтары мен көшеттерін отырғызатын болады», - делінген ауыл шаруашылығы министрлігінің таратқан баспасөз баянында.

«Жасыл жапырақ» акциясы жыл сайын көктемгі Наурыз мерекесі кезінде 22 наурыздан 22 сәуірге дейінгі аралықта өткізіліп тұрмақ.