Ертең республиканың бес облысында ауа райы суытады деп күтілуде

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Республиканың басым бөлігінде антициклон ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, тек республиканың батыс және шығыс бөлігінде белсенді атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты кей жерлерді жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды.

Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ҚР ТЖМ хабарлайды.

Республика бойынша кей жерлерде жел күшейеді деп күтілуде, солтүстікте және солтүстік-батыста тұман түседі.

Атырау облысында, күндіз Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді деп күтілуде, Маңғыстау облысында шаң көтеріліп, дауыл тұрады.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде түнде және таңертең тұман түседі деп күтілуде, күндіз Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді.

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде кей жерлерде 0-3 градус аяз болады деп күтілуде.

Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында кей жерлерде жоғары өрт қауіпі сақталады.