Ертең Шавкат Мирзиёев Астанаға келеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев 21-22 сәуірде Астанаға жұмыс сапарымен келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Сапар аясында Шавкат Мирзиёев Өңірлік экологиялық саммитке және Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысады.
Іс-шара барысында президенттер Орталық Азияның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін өңірлік ынтымақтастықты нығайту, аймақтағы өзекті экологиялық және су мәселелерін шешуге ерекше назар аударады.
Саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжат қабылданады.
Бұған дейін су тапшылығынан болатын шығын Орталық Азия экономикасының 11%-на дейін жетуі ықтимал екенін жазып едік.
Сондай-ақ, таяуда Ауғанстан су ресурстарын басқару платформаларына шақырып жатқан ОА елдерінің ерік-жігерін ерекше бағалады.
Өзбекстандық сарапшылардың пайымынша, 2030 жылға қарай аймақ елдері ауыз су тапшылығын сезінуі мүмкін.