«Бізде, Қазақстанда толығымен алғанда болжамды астық түсімі орташа болады. Рекордтық көрсеткіш те, сондай-ақ нашар көрсеткіш те болмайды, яғни шығым орташа. Негізінен бұл түсім солтүстік және бірқатар оңтүстік өңірлердің есебінен алынады. Бұл орайда мен үлкен проблемалар көріп отырған жоқпын», деген Үкімет басшысы қазіргі уақытта Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында күннің ыстық болуына байланысты астықтың күйіп кетуі толғандырып отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, осы мәселеге байланысты ел Президентінің тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев басшылық ететін жұмыс тобы құрылған. «Ол қазіргі уақытта қабылданатын шаралар топтамасын ұсынды. Ертең осы мәселеге байланысты кеңес өткіземін. Ал бейсенбі күні біз шаруаларға, сондай-ақ солтүстік элеваторлардағы астықты батыс және республиканың басқа өңірлеріндегі элеваторларға орналастыруға қажетті сәйкесінше Үкімет қаулысын қабылдайтын боламыз», деді ол.
Премьер-Министр елімізде астықтың жеткілікті екендігін әрі ол қолайлы бағамен сатып алынғандығын айта келе, «сондықтан тұтынушылар үшін нанның бағасын қолжетімді деңгейде ұстап тұрамыз. Ал күннің ыстық болуы бір жағынан астық құрамындағы балауыздың жақсы жиналуына септігін тигізеді», деді.