Ертең «Ұлы дала жорығы» Халықаралық марафон-бәйгесі басталады

Фото: Фото: «JORYQ» республикалық федерациясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ертең Алматы облысында Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталады. Бес күнге созылатын жорық Жеңістің 80 жылдығына арнайы ұйымдастырылып жатыр.

– Бұл шара Жеңістің 80 жылдығына арналып отыр. Өздеріңіз білесіздер, бұл соғысқа Қазақстаннан 1,2 миллионнан аса адам кеткен. Оның 600 мыңға жуығы оралмаған. Бізде Ұлы Отан соғысының ызғары тимеген отбасы жоқ десе болады. Сол себепті V Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін осы айтулы күнге арнап отырмыз, – дейді Республикалық Joryq ат спорты федерациясының президенті.

Бақытжан Тұрлыбеков «Ұлы дала жорығының» негізгі мақсатын түсіндірді.

– «Ұлы дала жорығы» – әлемдегі ең мықты жылқы тұқымын анықтайтын далалық лаборатория десек те болады. Жалпы тұлпар – бұл қазақтың рухы. Ал «Ұлы дала жорығы» – қазақтың жадына сіңген рухты тірілтудің бірегей жолы деп айтсам, қателеспеймін. Біз Қонаев қаласынан 10 мамыр күні таңғы 7-де жолға шығамыз. Одан кейін Бақанас арқылы, Іле өзенін жағалай отырып, 500 шақырымнан кейін қайтып Қонаев қаласына келеміз, – дейді ол.

Биылғы жорыққа 20-дан аса команда қатысуы мүмкін. Тіпті шетелдік құрамалардың біразы марафон басталатын аумаққа жетіп те үлгеріпті.

– Биылғы жорыққа 20-дан аса команда күтіп отырмыз. Шетелден 6 команда келіп жетті. Олар – Оңтүстік Африка, Мажарстан, Иран, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген. Енді Түркия мен Ресейден тағы 2 команданы күтіп отырмыз. Моңғолиядан келетін қатысушыларымыз құжат мәселесіне байланысты шекарадан өте алмай қалды. Ал Қазақстаннан кемі 13 команда қатысады деп жоспарланған, – дейді Бақытжан Тұрлыбеков.

Республикалық Joryq ат спорты федерациясының президенті «Ұлы дала жорығы» бәйгесіне қатысуға ниетті азаматтар қандай талаптарға сай болу керектігін айтты.

– Ең бастысы, спортшылардың жасы 18-ден асқан болуы керек. Медициналық анықтамалары, 5 күнге сақтандыру полисі болуы қажет. Сосын шабандоздың салмағы барынша жеңіл болғаны абзал. Бұл – әр команданың өзінің мүддесі үшін, – дейді ұйымдастырушы.

Бақытжан Тұрлыбеков мұндай жарыстар Араб мемлекеттерінде де ұйымдастырылатынын айтады. Бір ерекшелігі – онда шабандоздар жалғыз өзі 160 шақырым аралықта жарысады екен.

– «Ұлы дала жорығы» – бұл командалық спорт түрі. Өзге мемлекеттерде жалғыз атпен 160 шақырымды бағындырады. Ал өздеріңіз білетіндей, «Ұлы дала жорығы» бәйгесінде шабандоздар 2022 жылы – 1200 шақырым, 2023 жылы – 1300 шақырым аралығында сынға түсті. Бұл – командамен ұзақ қашықтыққа шабатын әлемдегі жалғыз ат спорт түрі десек болады, – дейді ол.

Федерация президенті бұған дейін 1300 шақырымға созылған жарыс жолының биыл неліктен 500 шақырымға қысқарғанын түсіндірді.

– 1946 жылы Ұлы Отан соғысынан кейін Түрікменстан аумағында осындай жарыс өткізілген. Ол жерде жалғыз ат күніне 100 шақырымнан жүріп, 5 күнде 500 шақырымды бағындыруы керек. Ол кездегі есеп бойынша 1-орынды ақылтеке жылқысы алған. Ол жарыс жолын 62 сағат 10 минутта шауып өткен. Бұл – тарихи факт. Ал бізде былтыр бұл аралықты 28 сағатқа толмайтын уақытта өтті. Сондықтан біз халықаралық деңгейдегі құрамалар көптеп қатысуы үшін 1300-ден 500 км-ге түсірдік. Біз қашықтықты ұзартуымызға да болады. Қазақстандық командалар ондай ұзақ қашықтыққа дайын. Бірақ біздің мақсатымыз – шетелдік командаларды тарту, – дейді Бақытжан Тұрлыбеков.

Биылғы додада жеңіске жеткен командаға 100 мың АҚШ доллары сыйға берілмек.

– Команда жеңіске жетті деп есептелуі үшін 5 аттың кемі 3-еуі мәреге жетуі тиіс. Жалпы құраманың 5 аты толықтай межеге жетсе, 100 мың доллар ұтып алады. 2-орынға – 60 мың доллар. 3-орынға – 40 мың доллар. Жүлдегерлер регламентке сай, ат санына байланысты анықталады, – дейді федерация президенті.

Естеріңізде болса, жорықтың алғашқы жылдары қазақтың Адай мен Қостанай жылқылары жоғары нәтиже көрсеткен еді.

– 2022 жылдың жеңімпазы – Адай жылқысы. Мемлекет басшысы 2022 жылы қараша айында Адай жылқысын ұлттық бренд деп жариялаған еді. 2023 жылы Қостанай жылқысы үлкен нәтиже көрсетті. Былтыр барынша әділ болуға тырыстық. Бұл жолы Ресейден келген «Кабардин» Балқар командасы 1-орын алды. Олар жылқы зауытының араласқан аттарымен келді. Оларды 30 жылдан астам тәжірибесі бар адамдар дайындайды. Ал бізде мұндай ұзақ жарыстар соңғы 5–10 жылда ғана қолға алына бастады. Ал «Ұлы дала жорығының» басталғанына 3-ақ жыл болды, – дейді жорық ұйымдастырушысы.

Осыған дейін Түрікменстанда Ақалтеке жылқыларының жарысы басталғаны туралы жаздық.