Елорда тұрғындары мен қонақтары атшабарға №№ 27,43 қалалық маршруттармен және қала маңына қатынайтын №№302,303,308,309 бағдарлармен бара алады.
Қалың жұртшылық үш күн бойы қазақтың ұлттық ойындарының сан түрін тамашалай алады. Атап айтқанда, көкпар, аударыспақ, тоғызқұмалақ пен асық ату, сондай-ақ, теңге ілудің ең үздік шеберлері мен қыз қуудың теңдессіз жұптарының өнері назарға ұсынылады. Шу асауды жүгенсіз мінетін жүректі жігіттер асау үйрету сайысына түседі.
Қыран баптап түлкі, қасқыр аулаған, қаршыға мен сұңқар баптап сан түрлі құс ілдірген құсбегілер көрсетілімі болады, ор қоянды қыр асырмай ұстайтын жүйрік тазылар фестивалі өтеді.
Үш күндік турнир барысында әйгілі өнер иелерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламалар, қолөнер көрмелері және тойшы қауымға арнап ұлттық тағам түрлерінен фестивальдар ұйымдастырылады.