Ертеңнен бастап Өзбекстаннан Маңғыстау облысына қатынайтын пойыз жолға шығады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 28 ақпаннан бастап Қазақстан мен Өзбекстан арасында қатынайтын жаңа халықаралық жолаушылар пойызы жолға шығады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Узтемирйулловчи» компаниясынан мәлім еткендей, №651/652 пойызы «Нүкіс - Бейнеу - Нүкіс» бағыты бойынша жолаушы тасымалдайды. Ол аптасына 2 рет, атап айтқанда дүйсенбі және жұма күндері қатынайды.
Компанияның дерегіне сәйкес, пойыз Нүкістен сағат 00:40-та шығып, Бейнеу станциясына 11:40-та жетеді. Кері бағытта Маңғыстаудан 16:26-да жөнелетін пойыз Қарақалпақстанға сағат 03:35-те аялдайды.
Еске салайық, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр. Ол 2027 жылы пайдалануға беріледі.
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында Jibek Joly туристік пойызы қатынай бастағанын жазып едік.