«Ертіс» клубының дәрігері ұшақтағы жолаушының өмірін сақтап қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық «Ертіс» футбол клубының дәрігері Александр Гайдуков ұшақта өзін нашар сезінген жолаушының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Түркияда оқу-жаттығу жиынын аяқтаған «Ертіс» футбол клубы Қазақстанға ұшу үшін «Стамбул-Алматы» бағытындағы ұшаққа отырған. Ұшу кезінде жолаушылардың бірі өзін нашар сезініп, клуб дәрігері Александр Гайдуков дер кезінде көмек көрсетіп, ер адамның өмірін сақтап қалды. Кейін ол біздің дәрігерге алғысын білдірді», - деп хабарлады «Ертіс» ФК-ның баспасөз қызметі.

Павлодардың тумасы Александр Гайдуков еліміздегі тәжірибелі әрі танымал футбол дәрігері. 1994 жылдан бастап медицина саласында еңбек етіп жатқан Александр Гайдуков 2005 жылы футболға ауысты. Ол «Экибастузец», «Тобыл» сынды клубтар мен Қазақстан (U-17) құрамасының дәрігері болып істеген.