«Ertis» командасының бас бапкері қызметінен кетті

Фото: Фото: "Ertis" ФК

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Ertis» футбол клубының бас бапкері Николай Гавриш командасымен қош айтысты. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметінен хабарлады.

«Бас бапкер өз еркімен клубтағы қызметінен босады. Николай Гавришке Қазақстан Премьер-лигасында ойнайтын командадан ұсыныс түскен. Ол өзінің бапкерлік қызметін өзге командада жалғастырады», - деп мәлімдеді клубтың баспасөз қызметінен.

Николай Гавриш биылғы маусым айында «Ertis» командасының тізгінін қолға алған болатын. 

Оның жетекшілігімен павлодарлық клуб Екінші лигада 13 ойын өткізіп, оның 12-сінде жеңіске жетті. Ал ең бастысы ол «Ertis» командасын Екінші лигадан Бірінші лигаға алып шықты.

Ол — Қарағанды қаласының тумасы. 2024 жылғы маусымды «Екібастұз» футбол командасында бас бапкердің ассистенті болып бастаған.