Ertis музейінде тұңғыш академиктің таңғажайып коллекциясы сақтаулы тұр

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қазақтан шыққан тұңғыш академик ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор Қаныш Сәтбаевтің геологиялық бай коллекциясы Павлодардағы Ertis музейінде сақталып тұр. Коллекциядағы түрлі кен жыныстарының саны шамамен 100-ге жуықтайды, деп хабарлайды Kazinform.

Жер бетіндегі пайдалы қазбалардың үлгілерінен тұратын бай коллекцияны 2019 жылы музей ашылған уақытта Торайғыров университеті сыйға тартқан.

«Ertis» музейінің басшысы Гүлжайнат Әлиеваның айтуынша, мұнда еліміздің түпкір-түпкірінен қазып алынған түрлі металдар мен пайдалы қазбалардың, минералдардың, химиялық элементтердің үлгілері бар.

Коллекциядағы түрлі кен жыныстарының саны шамамен 100-ге жуықтайды.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Кезінде академиктің қызы Мейіз Сәтбаева әкесінің жолын қуып, өмірін геология ғылымына арнағаны мәлім. Мейіз Қанышқызы геология-минералогия ғылымдарының докторы атанды. Қазақстандағы кен түзуші минералдардың химиялық табиғаты мен мыс кеніштерінің ерекшеліктерін зерттеумен шұғылданып, әкесінің Жезқазған кен орнын ашу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастырған. Құрамы ренийге бай кен түзуші минералдардың құрылымдық-морфологиялық ерекшеліктері туралы докторлық диссертация қорғады. Жазған ғылыми еңбектері мыс-құмтас кен орындарын зерттеуге септігін тигізген. Бұл коллекцияны одан әрі байытуға Мейіз Қанышқызының да еңбегі зор. Кейін оны әкесінің туған жері — Ертіс — Баян өңіріне тарту еткен екен» дейді музей басшысы.

Коллекция қатарында метаморфты тау жыныстары бар. Олар магмалық және шөгінді жыныстарға жоғары температура мен қысым әсер еткенде түзіледі.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қазақстанда сульфаттар — күкірт қышқылының тұздары да кең тараған. Бұл кәдімгі гипс алынатын элемент.

Теңіз суынан тұндыру жолымен түзілетін гипс құрылыс пен медицинада материал, ал ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде қолданылатыны мәлім.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Пайдалы қазбалар қатарында фосфаттар, малахиттар, мусковит, нефелин, кальцит, темірлі гнейс, мәрмәр, галит, доломит, флюорит, хризакола бар.

Коллекциядан тасқа айналған ағаш үлгісін де байқадық.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Тақтатастардың (сланец), гнейстердің, кварциттердің, өзге де минералдардың түр-түрі геология ғылымының аса қызықты сала екенін аңғартқандай.

Биыл әйгілі ғұлама ғалымның туғанына 125 жыл толып отыр.

Дара тұлғаның мерейтойы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында да атап өткен.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Елімізде Қ.Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Жалпыреспубликалық жоспар бекітілді. 

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform