Ертіс өңірінде соңғы күндері бірнеше адам суға кетті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Шомылу маусымы басталғалы Павлодар облысында 23 адам суға кеткен. Оның тоғызы бала, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық ТЖД мәлімдеуінше, 4 тамыз күні сағат 11:30-да Тереңкөл ауылында 2011 жылы туған баланың денесі табылған. Бала 2 тамыз күні сағат 12:00-де суға батып кеткен.

Төтенше жағдайлар департаментіндегілердің айтуынша, бала ата-анасының қарауынсыз шомылған. Үйі Ертіс өзеніне жақын маңда болған. Анасы жұмыста жүрген кезде балалармен бірге шомылуға барады. Дәл сол күні рейдтік шаралар барысында Павлодарда ТЖД құтқарушысы мен куәгер Ертіс өзенінде 11 жастағы баланы аман алып қалды. - 4 тамызда сағат шамамен 15:45-те ТЖД құтқарушы топ басшысының орынбасары Серік Шериязданов әйел адамның өзендегі шектеу қойылған белгі тұсында қалқып тұрған адам денесіне шошынған күйде жүгіріп бара жатқанын байқаған, - деді ТЖД баспасөз қызметінде. – Оны көріп Серік Шериязданов адамды құтқару үшін суға секірген. Сол кезде тағы бір ер адам батып бара жатқандарға көмекке ұмтылған. Балаға екеуі де қатар жеткен. Баланы жағаға алып шығып, реанимациялық әрекеттер жасаған. Жедел жәрдем келгенше баланы клиникалық өлім жағдайынан шығарған. Оларға ТЖД құтқарушысы, медициналық білімі бар Александр Фургонов көмектескен. Медиктер жеткенше бала өздігінен тыныс алды. Белгілі болғандай, бала жағалауға тәтесі және ағасымен бірге келген. Олар баланы назардан шығарып алған.

Сондай-ақ 2 тамыз күні сағат 14:09-да Ақсудағы Ертіс арнасында 38 жастағы ер адамның денесі табылды. - 1981 жылғы ер адам болжам бойынша мас күйде болған. Ол рұқсат етілмеген орында шомылған. Сонымен қатар, Май ауданының Майтүбек ауылында 27 шілде күні сағат 14:30-да Ертіс өзеніне батып кеткен 71 жастағы зейнеткерді іздеу жұмыстары жалғасуда. ТЖД берген ақпарат бойынша шомылу маусымы басталғалы 23 адам суға батып кеткен.