Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Өстеміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Республика бойынша заңсыз оталған 19 мың ағаштың 16 мыңы «Ертіс орманы» резерватына тиесілі. Бірақ, бұл бір жылдың ішінде заңсыз кесілген ағаш емес. Бұл - соңғы 3-4 жыл бойғы жасырын кесілген ағаштардың саны», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айуынша, «Ертіс орманы» резерватынан жылдар бойы ағаштардың заңсыз кесіліп келгені ҚР АШМ Орман шаруашылығы комитеті мен прокуратура органдары бірлесіп жүргізген тексеру барысында анықталған.
«Қылмыстық іс те қозғалды. Резерват директоры, орманшы және басқа да мамандар қызметтерінен қуылды. Дегенмен, жыл басынан бастап біз «Ертіс орманынан» ағаштың барлық түрін кесуге шектеу қойды. Жұмыс соңына дейін аяқталмады, тергеу жүргізілуде», - деді Өстеміров.