Ертіс-Баян өңірі 2030 жылы көгілдір отынмен қамтылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Павлодар облысын газдандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға бастамашы болды. Көгілдір отын жүйесі барлық он аудан мен үш қаланы қамтиды деп жоспарланып отыр.

Фото: Үкімет

Әуел баста Павлодар қаласы мен 4 ауданды ғана газдандыру жоспарланған еді. Жұмыс тобы мәселені саралай келе, барлық аудан-қалаларды жүйеге қосуды нақтылады. Жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленбеген, соған орай жүйені тарту, енгізудің қанша сомаға түсетінін айту мүмкін емес дейді жауапты ведомство өкілдері.

- Аймақта табиғи газ бен газтаратқыш желілер жоқ. Облыстың ірі елді мекендерін газдандыру соңғы жылдары республикалық деңгейде көтеріле бастаған. Биыл біздің басқарма Павлодар облысын газдандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға бастамашы болды. Жұмыс тобының құрамына Энергетика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «QazaqGaz» «ҰК» АҚ және «КАТЭК» ЖШС жобалау-зерттеу компаниясының өкілдері кірді. Сәуір айында өткен алғашқы отырыста олар газды тұтынудың болжамды көлемін талқылады,-дейді Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайып.

Өңірді газдандырудың болжамды мерзімі – 2030 жыл.

Еске сала кетейік, елдің солтүстігін газдандыру үшін «Сарыарқа» құбырының 2,3-кезеңдері салынады.