Ертіс-Баян өңірінде ауаны ластайтын 703 мың тонна қалдық шығарылған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде былтыр ауаны ластайтын 703 мың тонна қалдық шығарылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,2 пайыз аз. Қоршаған ортаға бөлінетін қалдықтың 95 пайызы 64 кәсіпорынға тиесілі.
Биыл 17 нысан эколог мамандардың назарына іліккен. Төртеуі тексеріліп, екеуі өндіріске алынды. Профилактикалық бақылауды жүргізу үшін алғашқы жартыжылдықта 8 нысанға экология департаменті барады деп жоспарланған. Облыс тұрғындарының құқық қорғау және мемлекеттік органдарға жүгінуіне байланысты 7 жоспардан тыс қадағалау ұйымдастырылды. Жалпы 17 рет тексеріс жасалып, 52 бұзушылық анықталған.
- 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаға тасталған қалдықтар 703,97 мың тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға аз. Мысалы Қазақстан электролиз зауытындағы қалдықтар 6,41 мың тоннаға қысқарды. Бұл өндіріс орнындағы тазарту құралдарын жөндеу, жаңарту жұмыстарымен байланысты, - дейді Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Мағзұм Қоқымбаев.
Былтыр бірінші санаттағы кәсіпорындар табиғатты қорғау шараларына 15,5 млрд теңге жоспарлап, нәтижесінде 19 млрд теңге игерген. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл бағытқа кәсіпорындар 2,9 млрд теңге жұмсады.
Экология департаменті өткен жылы жоспардан тыс 42 тексеру жүргізіп, кәсіпкерлік субъектілерінен 64 заң бұзушылық анықталған. Оларға 42,9 млн теңге айыппұл салынды.