Ертіс-Баян өңірінде киіктердің саны бес есе көбейген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Табиғат қорғау инспекторлары Павлодар облысының аумағында 20 мыңнан аса ақбөкен барын айтады. Олардың саны соңғы төрт жылда бес есе өскен.

Фото: Павлодар облысы ӨКҚ

Елімізде ақбөкендердің бірегей популяциясын сақтау үшін 1 желтоқсаннан «Ақбөкен» акциясының екінші кезеңі басталады. Акция мақсаты – жануардың популяциясын сақтау, браконьерлікпен күресу, сондай-ақ сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулау және олардың мүйіздері мен басқа да өнімдерін сатуды тоқтату.

- Акция барысында киіктердің санын және олардың популяциясының жай-күйіне мониторинг жүргізіледі. Ақбөкендер мекендейтін және көшіп-қонатын жерлерін, әсіресе, көбею кезеңінде қорғау шаралары күшейтіледі. Ертіс-Баян өңірінде ақбөкендердің Бетпақдала популяциясы мекендейтін аумақтарына ерекше назар аударылады. Олардың негізгі мекендеу орындары – Май және Баянауыл аудандары. Биыл облыстағы ақбөкендердің саны 20 мыңнан асты, бұл 2020 жылмен салыстырғанда бес есе көп. Жыл басынан бері 12 рейд өткізілді, заңбұзушылықтар анықталған жоқ. 2019 жылдан бастап облыста ақбөкендерге қатысты браконьерлік фактілері тіркелмеген,-дейді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.

Киіктерді аулағаны (немесе олардың мүйізін алса) үшін 6000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салу немесе 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығын шектеу, сондай-ақ мүлікті тәркілеу шарасы қолданылады.

Еске сала кетейік, Баянауыл ормандарында бұлан көзге түсті.