Ертіс-Баян өңірінде орман өрттері 25 %-ға көбейген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өрт қауіпті кезең басталғалы бері өңірде 115 орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 оқиғаға көп.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Тілсіз жаудан табиғи байлыққа келтірілген шығын көлемі шамамен 6 млн теңге.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің дерегінше, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, облыста табиғи өрттердің саны артып отыр. Соның ішінде жыл басынан мемлекеттік орман қоры аумағында 115 орман өрті тіркелген. Ал 2025 жылдың ұқсас кезеңінде 92 өрт болған. Яғни жағымсыз көрсеткіш 25 %-ға өсіп отыр.

Бұдан бөлек, мамандар үш дала өртін және дала шөбінің жануы бойынша 63 шағын өртті тіркеген.

- Өрт санының өсуіне негізгі себеп - жауын-шашын тапшылығымен қатар жүрген ыстық ауа райы. Орман өрттерінің тұтануына 92 жағдайда найзағай себеп болған. 18 өрт тұрғындардың отты абайсыз пайдалануынан, үшеуі өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан, тағы екеуі ауыл шаруашылығы техникасынан шыққан ұшқыннан пайда болған, - деп хабарлады департамент өкілі.

Еске сала кетейік, Ақмола облысында бір тәулікте 98 гектардан астам аумақ өртенді.