Ертіс-Баян өңірінде тағы 42 ауылдық мектеп Starlink жүйесіне қосылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта Starlink жүйесі 33 ауылдық мектеп үшін қолжетімді. Ал облыс бойынша 10 ауыл байланыссыз, 7 ауыл интернетсіз қалып отыр.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, өңірдің 352 ауылдық елді мекенінен 342 ауыл (97,1%) ұялы байланыспен, ал 343 ауыл (97,4%) мобильді және тіркелген интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл ретте 10 ауыл байланыссыз және 7 ауыл интернетсіз қалып отыр. Соңғылары — техникалық іске асыру қосымша шешімдерді талап ететін шағын, шалғайда жатқан елді мекендер.
— Ауыл мектептеріне интернет қосу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2024 жылы 33 мектеп Starlink жүйесі арқылы интернетпен жабдықталды. Тағы 42 мектеп жаңа оқу жылының басында қосылады. Барлық мектептерді 1 қыркүйекке дейін қосу жоспарланған, -деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Бұған қоса «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің белсенді құрылысы жүргізіліп жатыр. 2027 жылға дейін облыстың 207 ауылын қамту жоспарланған. Шалғайдағы аз қоныстанған елді мекендерде KazSat, OneWeb және Starlink спутниктік технологиялар базасында баламалы шешімдер енгізіліп жатыр.
Бұған дейін Ақсудағы жалған құрылыс пен қағаз жүзіндегі интернет үшін 560 млн теңге жұмсалғаны туралы жазғанбыз.