Ертіс-Баян өңіріндегі ормандарда 3 млн көшет отырғызылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында биыл күзде мемлекеттік орман қоры аумағына шамамен 3 млн көшет отырғызылады. Орман дақылдарын отырғызу жұмыстары 500 гектардан астам аумақты қамтиды.

Фото: Kazinform

Күзгі кезеңнің басталуымен өңірде орман қорын молайту жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл мақсатта қажетті көшеттер алдын ала дайындалған.

— Жоспарға сәйкес, күзгі маусымда 500 гектардан астам жерге шамамен 3 млн дана көшет отырғызу көзделген. Жұмыстар 2021–2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатыр. Былтырлары Павлодар облысында 2,9 мың гектар аумаққа 16,4 млн дана көшет отырғызылған, — деп хабарлады өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасынан.

Мамандардың айтуынша, орманды қалпына келтіру жұмыстары өңірдегі орман қорының көлемін ұлғайтып қана қоймай, табиғи ресурстарды сақтауға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Ертіс орманында сарғылт құндызшөп қайта гүлдеп жатыр.