Ертіс бойындағы мұз өткелдері қашан ашылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мамандардың айтуынша, өзендегі мұз қабаты қазіргі уақытта мейлінше жұқа, тиісті нормативке жетпеген. Автокөліктер жүруі үшін мұз қабаты кемінде 25 сантиметр болуы керек.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Ертіс өзенінің Павлодар облысы бөлігінде мұз өткелдері әзірше ашылмаған. Қысқы уақытта өзен жағалауындағы ауылдарға жем-шөп пен отын тасу үшін пайдаланылатын мұз жолдары әдетте 6 бірдей ауданда жұмыс істейді. Аудандар арасы жақындай түсіп, алыс-беріс артады.
— Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығына сәйкес, мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден асса — автокөліктердің өтуіне, 10 сантиметрден асса — жаяу адамның жүруіне рұқсат беріледі. Анықтағанымыздай, барлық жерде мұз қабаты белгіленген нормативтік қалыңдыққа жете қоймаған. Ауа температурасының тұрақты түрде төмендеуі және су айдындарында мұз қату процесінің әрі қарай жалғасуына байланысты өңірде мұз өткелдерін кезең-кезеңімен ашу жоспарланған. Департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мұз өткелдерін ұйымдастыру және ашу үшін орындарды айқындайтын болады. Әзірше бұл мүмкін емес, - деп мәлімдеді Kazinform тілшісіне департаменттен.
2024–2025 жылғы қысқы кезеңінде облыс аумағында 13 мұз өткелі жұмыс істеген. Оның 8-і автокөліктер үшін, өзгесі жаяу жүргіншілер мен жүк көліктеріне арналған.
Атап айтқанда, Май ауданында — 2, Аққулыда — 1, Тереңкөлде — 4, Ертісте — 1, Железинде — 4, Павлодар ауданында — 1 өткел ашық болған.
Әрбір мұз өткелін ашу уәкілетті мекемелердің мұз қалыңдығын өлшеу, тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті рұқсатын алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Ресми түрде ашылғанға дейін аталған жерлерде мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салынады.
Министрлік бекіткен арнайы бұйрықта өткелдерден түсетін жерлерде екі жақтан да орнатылған қалқандарда арнайы қысқы құрал-жабдықтар (ілгектер, сатылар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылуы керектігі ескертілген. Бұған қоса кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты және оны құру мен ұстауға жауаптылардың деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады. Сондықтан барлығы талапқа сай болмаса, мұх өткелдері ашылмайтынын ескеру керек. Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар жауапты.
Құтқару қызметтері тұрғындарға мұз өткелдерінің ашылу мерзімі ауа райы жағдайына және мұздың қалыптасу қарқынына тікелей байланысты екенін ескертеді. Кереку өңірінде желтоқсан айында қатты аяздар бола қойған жоқ. Қаңтар аязды болса, Ертіс өзенінің мұзы қалыңдап, өткелдермен жолаушылардың арлы-берлі зырлауына мүмкіндік туады.
2024 жылы Павлодар облысында мұз өткелдері қаңтар айынан ашылғаны туралы жазғанбыз.
Ал, өткен қыста Павлодар облысында ашылған 5 мұз өткелі құтқару құралдарымен тиісінше жарақталмағаны белгілі болған.