Бұл әмбебап кітапхана болғандықтан барлық сала бойынша кітаптар бар, яғни, көркем әдебиеттен бөлек ғылыми танымдық еңбектер, заң мен құқық саласы, ауыл шаруашылығы, техникалық, медициналық, өлкетану әдебиеттері және басқа да тақырыптағы кітаптар сақталған.
— Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың үш бөлімі оқырмандармен тұрақты жұмыс істейді. Соның бірі — абонемент бөлімі. Ол жерде оқырмандар кітапты үйге алып оқиды. Жастар көбіне көркем әдебиет кітаптарын алады. Соңғы бірнеше айдың көрсеткіші бойынша павлодарлық жастар тарихи танымдық және мотивациялық еңбектерді көп оқитыны байқалып отыр. Атап айтсақ, «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан шыққан «Қаныш және ғылыми майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітаптарын жиі оқып, талқылап жүр, — дейді кітапхана директоры Шолпан Шахметова.
Жастар қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектерін көп сұрататыны да байқалған. Олардың қатарында Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Оралхан Бөкей, Зейнолла Қабдолов, Сәбит Мұқанов, Әзілхан Нұршайықов, Герольд Бельгер, Тахауи Ахтанов, Толымбек Әбдірайым, П.Буль сынды класиектердің еңбектері бар.
Жергілікті жастар кітапханаға кітап оқумен қатар, түрлі тақырып бойынша ғылыми зерттеулер жазу, өздерінің таңдаған мамандықтары бойынша дипломдық жұмыс, курстық жұмыс және рефераттар жазуға да келеді.
Жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында «Кітап және қаламгер», «Павлодарлықтар балаларға кітап оқиды», «Оқитын Павлодар», «Ертіс-Баян перзенттері», «Қаламгер», «Брайл қарпіндегі Павлодар кітабы», «Кітапхана — ауыл шамшырағы» сияқты жобалар жолға қойылған. Бұл іс-шаралар жас буынның рухани өсуі мен ұлттық құндылықтарға бет бұруына ықпал етеді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі Жарлыққа қол қойды.