Ертіс гидрометаллургия комбинаты Ертіс өзеніне 3 мыңға жуық сібір бекіресін жіберді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс өзеніне соңғы 10 жылда алғашқы рет сібір бекіресі жіберілді. Балықтандыру шарасын «Ертіс гидрометаллургия комбинаты» ЖШС жүргізіп, қоршаған ортаға қамқорлықтың үлгісін танытты. Компания өзендегі су жануарлары әлемінің алуан түрлілігін сақтауға ынталанып отырғаны байқалады.
Павлодар облысы аумағында полиметалл жобасын жүзеге асырып жатқан әлеуетті компанияның мұндай экологиялық іс-шарасы бұған дейін Қостанай мен Шығыс Қазақстан аймақтарында жүргізілген. Табиғат қорғау мақсатындағы балықтандыру жобасы ендігі кезекте Ертіс-Баян өңірінде сәтті жалғасын тауып отыр.
«Ертіс гидрометаллургия комбинаты» ЖШС бас директоры Арман Бейсембинов бұл – кәсіпорынның алғашқы экологиялық шарасы екенін атап өтті.
- Ертіс өзенін балықтандыру - бұл мәселені әбден зерделеп барып атқарылып отырған шаруа. Компания әуелі су айдынына тұқы балығын жіберудің қыр-сырын зерттеді. Дейтұрғанмен жергілікті ихтиолог ғалымдар тұқы Ертіске тән балық емес екенін айтқан соң, біз өзенде ежелден тіршілік ететін, бүгінде Қызыл кітапқа енген сібір бекіресін жіберуге шешім қабылдадық. Бұл еліміздегі ең ұзын су артериясындағы жануарлар дүниесін көбейтуге аз да болса қосқан үлесіміз. Сонау ерте замандарда сібір бекіресі Ертіс өзені арқылы Зайсан асып, Қара Ертіске жеткен деседі. Өкінішке қарай, түрлі жағдайлар салдарынан оның саны бүгінде өте сиреп кеткен. Балықтың бұл түрін ендігі кезекте көбейту қажет деп ойлаймыз және оған біз мүдделіміз,-деді серіктестік басшысы.
Акция аясында өзенге 3 мыңға жуық сібір бекіресі (жалпы салмағы 3 тоннадай) босатылды. Жасы 1,5-3 жылды құрайтын жас бекірелер өзеннің Павлодар аймағына жерсіңіп кететініне ғалымдар үлкен үміт артатындарын жеткізді. Өз кезегінде «Ертіс гидрометаллургия комбинаты» ЖШС басшылығы сирек балықтың өсіп-өнуіне байланысты мониторин жүргіземіз деп сендіріп отыр.
Сібір бекіресі - бекіре тәрізділер отрядына жататын, Ертіс өзеніндегі ең ірі балық. Сібір өзендерінде кеңінен таралған. Дене тұрқы 3 метрге, салмағы – 200 кг-ға дейін жетеді. Өте баяу өсетін балық, аталығы 11-13 жасқа толғанда жыныстық жағынан жетіледі. Ал ұрғашысы уылдырық шашуға 17-18 жасқа толғанда ғана қабілетті. Балықтың өмір сүру ұзақтығы шамамен - 60-70 жыл.
Бекіре тұқымдас балықтар бүгінде еліміз бойынша тек Өскемен, Қарағанды және Атырау өңірлерінде ғана қолдан өсіріледі. Шығыс Қазақстандағы «Ost Fish» компаниясының өкілі айтып өткендей, бұған дейін Ертіс өзенінің Абай облысындағы тұсына сібір бекіресі жіберіліп, жоба өз нәтижесін берген. Бекірелер өзен бойлап кетіп қалмай, аймақта қыстап шыққан. Бұл жағдай өзеннің Абай және Павлодар облыстарындағы аумақтарында балықтың аталған түрі үшін қоректің мол екенін білдірсе керек. Қаржыландыру жеткілікті болса, алдағы уақытта балықтандыру іс-шарасы жалғасын таба береді.
Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, ихтиолог ғалым Александр Убаськин Ертіс өзенінде таралған балықтардың ерекшелігі мен фаунасы жөнінде өз деректерімен бөлісті.
- Осыдан 100 жыл бұрын Ертістің Павлодар қаласы орналасқан жерге тоқтайтын жәмшіктер (арба айдайтындар) дәмханадан құймаққа және қара уылдырыққа тапсырыс береді екен. Бұл жағдай сол кезеңдерде сібір бекіресінің Ертіс өзенінде өте мол болғанын білдіреді. Өкінішке қарай, адамдар оны тонналап аулай бастағанына және өзен айналасын ластайтын зауыт-фабрикалардың көптеп салынғанына байланысты бекіренің бұл түрі сиреп қалды. Сібір бекіресі – Ертіс өзенін мекендейтін балықтардың ежелгісі, яғни абориген түрі. Оны аулауға тыйым салынғанына 40 жылға жуық уақыт өтті. Сібір бекіресінің генін таза қалпында сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру аса маңызды. Алайда олардың популяциясы, қоры, өмір сүру, қоректену ерекшеліктері мүлде зерттелмейді. Тіпті, Ертіс өзеніндегі балық қорының өніп-өсуіне қатысты ғылыми зерттеу жоқтың қасы. Негізі өзендегі балықтардың бірнеше типі бар. Соның бірі – жартылай өрістегіш балықтар. Олар кезінде Шығыс Қазақстандағы каскадты су қоймалары салынбай тұрғанда Ертістің жоғары жағына кетіп, сол жақта уылдырық шашып, қайтып отырған. Алайда ГЭС-тер мен қоймалардың, үлкен өндіріс орындарының салынуынан бұл табиғи баланс бұзылды. Өйткені плотина құрылысы олардың уылдырық шашуға баратын жолын қиып тастады да, негізгі табиғи уылдырық шашатын жеріне жетпей қалды. Сібір бекіресі Шығыс Қазақстанның су қоймаларында, Ертісте құрып барады. Оны көбейтудің жолдарын іздеу бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі болып отыр. Соңғы уақытта өзенге көбіне тұқы мен сазан жіберіліп жатқанын ғалым ретінде өз басым құптай қоймаймын. Себебі ол Ертіс өзені үшін сырттан келген балық түрі. Қыруар қаражат бөлініп, балықтандыру жүргізіліп жатыр, бірақ бұл шаруаның нәтижесін зерттеген ешкім жоқ. Сондықтан ендіге ретте Ертіске тек өзенге тән сібір бекіресі жіберілуі керек деп есептеймін, - дейді ғалым
Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Павлодар балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова мұндай экологиялық іс-шара Ертіс өзеніндегі флораны сақтауда маңызды роль ойнайтынын жеткізді. «Ертіс гидрометаллургия комбинаты» ЖШС-ның Ертістегі жануарлар әлемін қорғау мен көбейтуге ұмтылып отырғаны әбден құптарлық және үлгілі іс екенін айтты.
«Ертіс өзеніне сібір бекіресін жіберу соңғы рет осыдан 10 жыл бұрын болған екен. Бұл бастаманы облысымыздың өзге де өндірістік кәсіпорындары жалғастырып, бекіре тұқымдас балық түрін көбейтуге атсалысады деп ойлаймыз. Өңірдегі өзен-суларды балықтандыру негізінен жыл сайын су пайдаланушылар есебінен жүргізіліп келе жатыр. Олар су айдындарына тұқы балығын жібереді. Бұл тұрғыда қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу үшін балықтандыру шараларын жүргізіп отырған субъектілерді де атап өтуге болады. Мәселен өткен жылы 300 мыңнан астам тұқы шабағы өзенге босатылды. Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы каналдың су тораптарына бір миллионнан астам шабақ жіберді. Алдағы уақытта біз балықтандыру шарасы бойынша біртіндеп сібір бекіресіне көшеміз. Яғни тұқы балығы емес, сібір бекіресі жіберіліп отырады. Бүгін босатылған 3 мыңға жуық сібір бекіресі жақсы өсіп-өніп кетеді деген сенімдеміз. Ал жалпы біздің Ертіс өзенінде балықтың 12-ден аса түрі кездеседі», дейді бөлім басшысы.
Шара барысында жиналған көпшілік, жастар мен оқушылар сирек кездесетін сібір бекіресін тамашалап, өз қолдарымен өзенге босатты. Сырт пішіні өте әсем су жануарына қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Атап өтерлігі, табиғат қорғау мақсатында өткізілген акцияға орай «Ертіс гидрометаллургия комбинаты» ЖШС мектеп оқушылары арасында су жануарларын бейнелеуден сурет сайысын ұйымдастырған. Бұл күні әсем табиғат аясында аталған байқаудың қорытындылары шығарылды. Қазылар алқасы жұмыстарын үздік деп таныған жас шеберлерге компания атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді.