Ертіс көпіріндегі көлік кептелісі: Өскеменде көпір астындағы жол құрылысы биыл аяқталмақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында Ертіс көпірі астындағы жол биыл пайдалануға беріледі.
Қаладағы Ертіс көпірінде үнемі таңертең және кешке ұзын-сонар көлік кептілісі болады. Себебі халық көп тұратын Жібек маталар комбинаты ықшамауданына апарар негізгі жол осы.
Сол кептелісті азайту мақсатында Пермитин көшесінен Славский жағалауына қарай өтетін Ертіс көпірі астында жол құрылысы басталған болатын.
- Бұл жоба қаладағы қозғалысты жеңілдетіп, әсіресе көпір маңындағы айналма жолдағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік бермек. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында басталған. Алайда былтыр жазда белгілі бір себептерге байланысты уақытша тоқтатылған еді. Көпір астындағы жолды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға береміз, - деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов.
Сонымен қатар көпір астындағы жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Қазір мұнда спорттық құрылғылар орнатылуда.
Еске салсақ, осыған дейін Оралдағы Депо көпірінің жөндеуден кейін қайта ашылғаны жайлы жазғанбыз.