Ертіс орманына қауіп төндірген жібек көбелегі: қарағайларды өңдеу жұмыстары басталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қарағай алқаптары «Диурон» препаратымен өңделіп жатыр. Іс-шара қылқан жапырақты ормандарға зиян келтіретін қауіпті зиянкестің санын азайтуға және таралуын шектеуге бағытталған.

Фото: Абай облысының әкімдігі

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Маралды орманшылығы аумағында қарағай жібек көбелегінің (Dendrolimus pini) белсенді ошақтарына қарсы авиациялық химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

- Химиялық өңдеу қылқан жапырақты ормандарға зиян келтіретін қауіпті зиянкестердің санын азайтуға және таралуын шектеуге бағытталған. Өңдеу жұмыстары орманопатологиялық зерттеу нәтижесінде зиянкес ошақтары анықталған учаскелерде қолға алынды, - деп хабарлады резерваттың баспасөз қызметінен.

Мамандардың айтуынша, қорғаныс шараларын жүргізу орман қорының зақымдану қаупін төмендетіп, резерваттағы орман алқаптарының санитарлық жағдайын сақтауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін экологтар «Ертіс орманын» жібек көбелегі басып бара жатқанын айтып, дабыл қаққан еді