Ертіс орманына түлкілер қайта оралып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұдан біраз уақыт бұрын ерекше қорғалатын қарағай алқаптарында түлкілер жоғалып кеткен. Түз тағысының қайта оралуы экожүйеде қолайлы жағдайлар қалыптасып отырғанын білдіреді.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында ғылым бөлімінің маманы ормандағы өте сақ жануар — түлкіні фотоға түсіріп алды.
— Резерват аумағында түлкінің пайда болуы — экожүйенің қолайлы жағдайының маңызды көрсеткіші. Бұл жыртқыштар кеміргіштердің санын реттеп, табиғи тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады, — деп хабарлады резерваттың баспасөз қызметінен.
Түлкі — ең ақылды әрі бейімделгіш жыртқыштардың бірі. Өте жақсы дамыған есту қабілетінің арқасында ол қар астындағы болмашы сыбдырдың өзін аңғарып, жемтігінің орнын дәл анықтай алады. Қыста оның қалың жүні бұрынғыдан да үлпілдеп, тығыз бола түсіп, қақаған аяздан сенімді қорғайды.
Мамандар «Ертіс орманының» жабайы табиғатының соншалықты бай әрі алуан түрлі екенін, оған тұрғындар ұқыппен, жанашырлықпен қарау маңызды екенін айтады.
Бұған дейін Ертіс орманы аумағында жоңғар атжалманы көзге түскен еді.