Ертіс орманынан қыста қандай құстарды кездестіруге болады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ерекше қорғалатын табиғи резерватта құстың 90 түрі бар болса, оның кейбірі орман арасын қыстап қалады.
«Ертіс орманы» резерватында қыс мезгілінде де құстардың алуан түрін кездестіруге болады.
- Жыл сайын қар түскен уақытта фототұзақтар қойып, құстарды бақылауға аламыз. Соңғы рет камераға іліккендері - шұбар шымшық, сұр шымшық, қызылқұйрық, бұлбұл және сарыбауыр. Бұлар суыққа жақсы бейімделген, тіпті қар астынан да азық таба алады, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне резерваттан.
Мұнда қысқы мезгілде арнайы ұшып келетін құстар да бар. Мәселен, қарағай жаңғағын шағатын мықты тұмсығы бар үкітұмсық, сирек әрі өте жылдам құс шымшық, әсем үнді шақшақай, шетен ағашының жидектерімен қоректенетін шетен қараторғай кездеседі.
Мамандар аталған құст түрлері орман экожүйесінде маңызды рөл атқаратынын айтады. Олар ағаш тұқымдарын таратып, жәндіктер санын реттейді әрі табиғаттың саулығын көрсететін көрсеткіш.
Қыс – құстар үшін ең ауыр кезең, сондықтан ормандарды сақтау мен табиғатқа ұқыпты қарау аса маңызды.
Бұған дейін «Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындары дайындалып жатқанын жазғанбыз.