Ертіс орманында емін-еркін жайылып жүрген еліктер көзге түсті

Фото: Видеодан алынған скрин

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта резерват аумағында 600-ге жуық елік бар. Тұяқты жануарлар көбіне орманның алаңшықтарын мекендейді. 

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында еліктердің едәуір саны мекендейді. Орман алаңқайларында жайылып жүрген бір топ елік бейнежазбаға түсіп қалды.

— Еліктер — сымбатты әрі өте сақ жануарлар. Орман экожүйесінің маңызды бөлігі және біздің резерваттың көркі десе болады. Бүгінде олардың резерваттағы жалпы саны 580-нен асып отыр. Бірақ саны үнемі өзгеріп отырады, — деп хабарлады резерваттан.

Еліктер сағатына 60 км жылдамдықпен жүгіре алады, ал секіргенде 6-7 метрге барып түсуі мүмкін. Есту қабілеті, иіс сезуі өте жақсы дамыған. Ол адамды, жыртқыштарды алыстан сезеді.
Орманшылардың айтуынша, еліктер әсіресе таңертең және таң арайында белсенді. Қыста көбіне жем іздеп орманның шетін жағалайды.

Бұған дейін «Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындары дайындалып жатқанын жазғанбыз