Орман резерватындағы заңсыз ағаш кесу оқиғасы туралы полицейлер хабарлады.
Полицейлердің айтуынша, қазіргі уақытта Павлодар облысының аумағында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр.
«Резерваттың Бауыртал орман шаруашылығында ағаштардың заңсыз оталғаны анықталды. Ер адам 5 түп қарағайды балталап тастаған. Заң бұзушы жауапкершілікке тартылды, оған 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», - деп хабарлады өңірлік Полиция департаментінен.
Жедел алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары табиғат қорғау заңнамасын бұзу бойынша 47 кемшілікті анықтаған. Оның 30-ы заңсыз аң аулауға және тағы 13-і балық аулау тәртібін бұзуға қатысты. Облыстық жергілікті Полиция басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов баян еткендей, полицейлер азаматтардан 50 келі балық, бензинмен жұмыс істейтін ара және бір автокөлікті тәркілеген. Заң бұзушылар жалпы сомасы 3 млн теңгеден астам айыппұл арқалады.