Найзағай салдарынан Ертіс орманынан 6 рет өрт шыққан
АСТАНА. KAZINFORM - «Ертіс орманы» резерваты аумағында айналдырған 3 сағаттың ішінде 6 орман өрті тіркелген. Жедел анықтаудың және оларды сөндіру үшін уақтылы қабылданған шаралардың арқасында тілсіз жау тез арада сөндірілді.
Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Резерват аумағында өрт фактілері тіркелді. Сағат 09:00-ден 12:00-ге дейінгі кезеңде мемлекеттік орман қоры аумағында 6 орман өрті анықталды. Белгілі болғандай олардың барлығы найзағайдың түсуінен тұтанған. Филиалдардың орман күзеті мен орман өрт сөндіру қызметкерлерінің және «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлерінің күштерімен тілсіз жау тез арада ауыздықталып, жойылды»,-деп мәлімдеді мекемеден.
Еске сала кетейік, Ертіс орманында шөп шауып жүрген шаруа өрт шығарып, қомақты айыппұл төледі.
Шаруа техникамен шөп шапқан. Алайда шөп дайындау техникасында ұшқынды тұтып қалатын қондырғы болмаған. Сөйтіп өртке себепкер болған. Кінәлі адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 367-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (қысқартылған тәртіппен) айыппұл салынды.