Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватынан хабарлады.
— Орман табиғи резерватының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіптілігінің төтенше деңгейі жарияланды, 5-класты деңгей. Орманды жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз, — деп хабарлады резерваттан.
Мамандар орманда от жағуға қатаң тыйым салынатынын ескертті. Темекі тұқылын, шыны қалдықтарын, бос шөлмектерді, қоқысты тастауға болмайды. Әрі орман ішінде көлікпен жүруге тыйым салынған.
— Орман өрттерінің алдын алу — басты міндет. «Ертіс орманы» резерваты аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, орманшылармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігіне байланысты аншлагтар жаңартылып, тұрғындар үшін ескерту материалдары орнатылып жатыр. Мақсат — халықтың назарын өрт қаупіне аудару және табиғатты сақтауға шақыру, — деп қосты орман мекемесінен.
Тұрғындар орманнан өрт немесе түтінді байқаса, 101 немесе 112 нөміріне, не болмаса 7 705 601 96 80 ұялы телефон нөмірі бойынша резерваттың кезекші бөліміне хабарласса болады.
Еске сала кетейік, Ертіс орманында сирек кездесетін тарғақ құсы көзге түсті.