Ертіс орманында сирек кездесетін түйесіңір өсімдігі табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өсімдік ғылыми тұрғыдан мамандардың қызығушылығын тудырып отыр. Құрамында флавоноидтар мен өзге де биологиялық белсенді қосылыстар көп болады.

Фото: Ертіс Орманы табиғи резерваты

«Ертіс орманы» табиғи резерватының қызметкерлері тарандар тұқымдасына жататын өсімдіктің жаңа түрі анықталғанын мәлім етті.

- Маралды орманшылығы аумағында алғаш рет түйесіңір өсімдігі (Atraphaxis frutescens (L.) Evers) көзге түсті. Ол - тарандар тұқымдасына (Polygonaceae) жататын көпжылдық бұта. Табылған өсімдік ғылыми тұрғыдан қызығушылық тудырып, резерват флорасының түрлік құрамына қатысты мәліметтерді толықтырады, - деп хабарлады резерваттан.

Қазіргі уақытта ботаникалық зерттеулер мен өсімдік жамылғысына мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Түйесіңір еліміздің шөлейтті, тасты-тақырлау жерлерінде, тау бөктерлері мен құрғақ далалық аймақтарда кездеседі. Әсіресе, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық-солтүстік бөліктеріндегі қуаң экожүйелерде өседі.

Мамандардың айтуынша, аталған өсімдіктің ең маңызды ерекшелігі - құрамында флавоноидтар мен өзге де биологиялық белсенді қосылыстар бар.

Бұған дейін Ертіс орманында сирек кездесетін тарғақ құсы көзге түскенін жазғанбыз.