«Ертіс орманында» сілеусіннің төлдері көзге түсті

Фото: instagram.com/altynemel_np

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қарағайлы орман резерватында сілеусіннің күшігі — мәшіндер бейнежазбаға түсті. Аумақтағы мысық тұқымдас жануарлардың саны 70-ке жуықтайды.

Резерват аумағындағы кезекті бақылау кезінде орманшылар сілеусін апанындағы мәшіндерін түсіріп алды.

— Сілеусін — жыртқыш аң. Мәшіндердің дүниеге келуі — жануарлардың өздерін қауіпсіз сезінетін, тіршілігі тұрақты табиғи ортаның белгісі. «Ертіс орманы» — жабайы табиғаттың сенімді мекені. Табиғатты бірге қорғайық, — деп хабарлады резерваттың баспасөз қызметінен.

Павлодар облысында сілеусіндер Баянауыл ауданындағы таулы жерлерде және «Ертіс орманында» кездеседі. Мысық тұқымдас жыртқыштың ұзындығы 87-104 см, салмағы 13,2-23,2 кг аралығында болады. Дене тұлғасы мығым әрі жұмырланып келеді. Құлақ қалқаны үшбұрышты әрі үшкір. Тырнақтары мен тістері жақсы дамыған әрі өткір, көзі өте қырағы, есту қабілеті де жақсы дамыған. Жүрген кезде ешбір дыбыс шығармайды. Ол ағаш басына және жартастарға жылдам өрмелеп шыға алады. Қатты секірген кезде 3,5-4 метр қашықтықтыққа барып түседі. Сілеусін екі жаста жыныстық жетіледі.

Сілеусіннің күшігін қазақ халқы «мәшін», «інсін» деп атаған. 

Еске сала кетейік, «Ертіс орманында» өрт қауіптілігінің төтенше деңгейі жарияланды.