Ертіс орманында жанып кеткен орман белдеулері қалпына келтіріліп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Резерватта орманды қалпына келтірудің күзгі жұмыстары басталды. 

Фото: Ертіс орманы

Екі жылдық қарағай көшеттері жанып кеткен ағаштардың орнына отырғызылып жатыр.

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты өз аумағында орманды қалпына келтірудің күзгі науқаны басталғанын мәлім етті.

Фото: Ертіс орманы

— Биыл күзгі кезеңде 600 гектардан астам аумақта жасыл желек қалпына келтіріледі. Бұл табиғаттың тепе-теңдігін сақтау мен экожүйені нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыс. Қазіргі таңда Бесқарағай орман тұқымбағынан екі жылдық кәдімгі қарағай көшеттері қазылып алынып, дайындалған телімдерге көшіріліп жатыр, — деп хабарлады резерваттың баспасөз қызметінен.

Фото: Ертіс орманы

Бұл агротехникалық кезең жалқарағай ормандарын қайта жаңғырту процесінің ең жауапты әрі маңызды бөлігі саналады. Көшеттердің сапасы, тамыр жүйесінің беріктігі және отырғызу әдістерінің дұрыстығы алдағы орманның тағдырын айқындайды.

Фото: Ертіс орманы

Бұған дейін «Ертіс орманы» резерватында 12 млн-нан астам қарағай көшеті отырғызылатыны туралы жазғанбыз.

Фото: Ертіс орманы

Мамандар соңғы бес жылда Ертіс орманының 2 мың текше метрі оталып кеткенін айтады.