«Ертіс орманындағы» қарағай арасынан сілеусін көзге түсті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Сілеусін адам көзіне жиі түсе бермейтін жыртқыш аң. Орманшылардың есебінше, Павлодар облысында шамамен 100-ден астам сілеусін бар.
Солтүстіктегі жалқарағай ормандары арасын кезекті патрульдеу кезінде мемлекеттік инспекторлар сілеусінді кезіктіріп, камераға түсіріп алған.
«Ертіс орманы» резерватының баспасөз қызметкері Арай Атығаеваның айтуынша, мысық тұқымдас аң күніне 30 шақырым жерді басып өте алады.
«Өте шапшаң әрі сыбдырсыз жүреді, секіргенде 4-5 метр жерге барып түседі. Күніне екі килограмға дейін ет жейді. Ал құлақ қалқанының үшбұрышты болуының да өзіндік себебі бар, оның көмегімен қауіп төніп келе жатқаны туралы алдын ала біліп отырады. Бұл өте сақ жануар, тіпті қардың үстінде із қалдырмай кететін кездері болады»,-дейді ол.
Резерватта алдыңғы жылы шамамен 60-тан астам сілеусін саналған.
Жыртқыш аң Павлодар облысының Баянауыл ауданында да бар. Онда өткен жылы 40-тан астамы тіркелген. Ұлттық парктің мемлекеттік инспекторы, өлкетанушы Алтынбек Құрманов сілеусіндер қыста жиі көзге түсетінін айтады.
«Көбіне тауда қоян аулап жейді. Баянауылда қыс айларында демалушылар болмайды. Сондықтан аңдардың көбі елді мекендерге жақын ормандарға да келе бастайды. Бірлі-жарым ұсақ малға да шабуылдауы мүмкін», дейді ол.