Ертіс өзенінде 23 сәуірден кемелер қатынай бастайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Навигациялық кезеңнің алғашқы күні кемелер тек өзеннің жоғарғы жағында – Майтүбек – Павлодар қаласы бағытында ғана қатынай алады. Одан соң Павлодар – Төменгі Алексеевский (РФ шекарасы) бағыты ашылады деп жоспарланып отыр.
ҚР Көлік министрлігі Теміржол көлігі және су көлігі комитетінің «Қазақстан су жолдары» кәсіпорнының Павлодар филиалы хабарлағандай, келесі аптада Ертіс өзенінде навигациялық кезең басталады. Қараша айына дейін павлодарлық кәсіпкерлер су үсті жолымен Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына және Ресей Федерациясына өз жүктерін толассыз жеткізіп, алыс-беріс еселене түседі.
Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Ернұр Еслаудың мәліметінше, навигациялық кезең ең әуелі 23 сәуір күні Ертіс өзенінің жоғары жағында ашылады.
«Майтүбек – Павлодар қаласы бағытында кемелердің суда жүзуіне рұқсат беріледі. Ал 24 сәуірден Павлодар – Төменгі Алексеевский (РФ шекарасы) бағытында су көліктері толассыз жүре алады. Қазіргі уақытта біздің инспекцияның арнайы есебінде Павлодар облысы бойынша үлкен көлемді 102 су көлігі тіркелген. Олардың ішінде екі кеме жолаушылар тасымалына арналған. Павлодар өзен вокзалы бұл құралдарды өзен үстіндегі жолаушылар серуенін ұйымдастыру үшін пайдаланып келеді. Өзгесі - жүк тасуға, су жолдарына арналған су көліктері. Қазіргі уақытта ішкі су жолдарының жағдайы «Қазақстан су жолдары» ұйымының жергілікті филиалының мамандары арқылы тексеріліп жатыр», - дейді инспекция өкілі.
Е.Еслаудың сөзінше, ішкі су жолдары арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын өзен көліктерінің қызметкерлері уақыт сайын біліктілігі мен деңгейін арттырып отыруы керек. Мысалы, кеме капитаны бес жылда бір мәрте аттестаттаудан өтеді. Ал оның көмекшілері мен механиктерге және т.б. мамандарға өз деңгейін арттыру үшін дипломдау жүйесі қарастырылған. Былтыр 14 капитан өз деңгейін дәлелдесе, биыл жыл басынан тағы 8 капитан аттестаттаудан өткен. Ал 33 кеме маманы өз деңгейін көтеруге мүмкіндік алды.
«Өзен қайықтары да арнайы есепке алынады. Мұндай су көліктерінің жалпы саны – 1454. Дейтұрғанмен бұл есепке салмағы 200 келіден, қозғалтқышының қуаттылығы 10 аттың күшінен асатын шағын көлемді қайық құралдары ғана енеді. Ал есепке тіркелген суда жүзу құралдарын басқарушыда арнайы жүргізуші куәлігі, кеме билеті болуы міндетті. Арнайы есепке жатпайтын шағын қайықтар еш тіркеусіз жүре беруіне болады», - деп толықтырды маман.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында 15 сәуірден бастап балық аулауға уақытша тыйым салынды.
Аталған шектеу 30 мамырға дейін күшінде сақталады. Осы уақыт аралығында Ертіс өзені мен өзге де су айдындарында үлкен кемелерден өзге су көліктерінің жүзуіне рұқсат жоқ. Жалпы кез келген су көлігінде дәрі-дәрмек қобдишасы, су төгуге және құтқаруға арналған құралдар, ескек болуы міндетті. Бұл ережені орындамағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын есте ұстаған жөн. Сондықтан жазғы уақытта қарапайым ғана резеңке қайықтың өзімен өзен-көлдердің үстіне шыға қалсаңыз, бұл ережелеріңізді ұмытпаңыз.