Павлодар қаласының Усолка шағынауданы маңындағы су айдындарын патрульдеу кезінде құтқарушылар су бетінде қалқып тұрған әкесі мен баласын анықтаған.
— Оқиға Ертіс өзенінде болған. Әкелі-балалы екеу өзен үстінде байдаркамен жүзіп бара жатқанда су көлігі аударылып қалған. Екеуі де құтқару кеудешелерін киіп алғандықтан көмек келгенге дейін су бетінде батпай тұрған, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Құтқарушылар жедел әрекет етіп, зардап шеккендерді судан шығарып алған. Одан соң департамент бөлімшесіне жеткізіп, жылы көрпемен орап, бойларын жылытуға көмектескен.
Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Еске сала кетейік, Түркістан облысында тауда адасқан ер адам құтқарылды.