Ертіс өзенінде ер адам баржадан секіріп, суға батып кетті

Фото: Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар қызметкерлері марқұмның мүрдесін іздеу шараларын жалғастырып жатыр. 

Ертіс өзенінің Павлодар облысы Тереңкөл ауданы аумағында ер адам суға батып кетті. Ол өз серіктестерімен су жағасында балық аулап, ішімдік ішкен.

— Куәгерлердің хабарлауынша, 12 сәуір күні түнде демалушылардың бірі жағаға байланған баржадан суға секіріп, кейін су бетіне шықпаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, бір топ азаматтар әлгі жерде балық аулап, ішімдік ішкен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің күштері жедел түрде шықты. Жеке құрамның 4 адамы, 1 техника және 1 жүзу құралы жұмылдырылды, - деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Іздеу шаралары жалғасуда. Өзен акваториясы мен жағалау аймағына тексеру жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетейік, Ертіс өзенінде кеме капитаны суға батып кетті.