Ертіс өзенінде кемелер қашан қатынай бастайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Навигациялық кезеңнің алғашқы күні кемелер тек өзеннің жоғарғы жағында — Майтүбек — Павлодар қаласы бағытында ғана қатынай алады. Одан соң Павлодар — Төменгі Алексеевский (РФ шекарасы) бағыты ашылады деп жоспарланып отыр.
ҚР Көлік министрлiгiнiң Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясынан хабарлағандай, келесі аптада Ертіс өзенінде навигациялық кезең басталады. Қараша айына дейін павлодарлық кәсіпкерлер су үсті жолымен Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына және Ресей Федерациясына өз жүктерін толассыз жеткізіп, алыс-беріс еселене түседі.
Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының жетекші маманы Руслан Дүйсекеевтің мәліметінше, навигациялық кезең ең әуелі 23 сәуір күні Ертіс өзенінің жоғары жағында ашылады.
— Майтүбек — Павлодар қаласы бағытында кемелердің суда жүзуіне рұқсат беріледі. Ал 24 сәуірден Павлодар — Төменгі Алексеевский қайраңы (РФ шекарасы) бағытында су көліктері толассыз жүре алады. Қазіргі уақытта біздің инспекцияның арнайы есебінде Павлодар облысы бойынша үлкен көлемді 106 су көлігі тіркелген. Олардың ішінде екі кеме жолаушылар тасымалына арналған. Павлодар өзен вокзалы бұл құралдарды өзен үстіндегі жолаушылар серуенін ұйымдастыру үшін пайдаланып келеді. Өзгесі — жүк тасуға, су жолдарына арналған су көліктері. Қазіргі уақытта ішкі су жолдарының жағдайы «Қазақстан су жолдары» ұйымының жергілікті филиалының мамандары арқылы тексеріліп жатыр, — дейді инспекция өкілі.
Маманның сөзінше, ішкі су жолдары арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын өзен көліктерінің қызметкерлері уақыт сайын біліктілігі мен деңгейін арттырып отыруы керек. Мысалы, кеме капитаны бес жылда бір мәрте аттестаттаудан өтеді.
— Өзен қайықтары да арнайы есепке алынады. Жалпы облыстағы су көліктерінің саны 1713 болса, соның 1607-сі — шағын көлемді кемелер. Есепке салмағы 200 келіден, қозғалтқышының қуаттылығы 10 аттың күшінен асатын шағын көлемді қайық құралдары ғана енеді. Ал есепке тіркелген суда жүзу құралдарын басқарушыда арнайы жүргізуші куәлігі, кеме билеті болуы міндетті. Арнайы есепке жатпайтын шағын қайықтар еш тіркеусіз жүре беруіне болады, — деп түсіндірді маман.
Павлодар облысы аумағындағы кеме қатынасы су жолдарының жалпы ұзындығы — 603 шақырым. Бұл аумақта 3 көпір, 2 өткел, 4 айлақ, 1 су қойнауы (затон), 1 рейдтік және шағын көлемді кемелер тұратын 3 база жабдықталған.
Бұған дейін Ертіс өзеніндегі су көліктері техникалық байқаудан қалай өтетіні туралы жазғанбыз.