Ертіс өзенінде моторы істен шыққан қайықтан екі адам құтқарылды

Фото: Видеодан алынған скрин

СЕМЕЙ. KAZINFORM– Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Ертіс өзенінде ағысқа қарсы жүзе алмай қалған екі адамды құтқарып қалды.

Оқиға 13 маусым күні Семей қаласында тіркелген.

Құтқарушылар моторы істен шыққан қайықты Ертіс өзенінде ағыс бойымен 7 шақырым төмен қарай жылжыған жерден тапқан. Қайықтың ішінде 1990 және 1987 жылы туған ерлі-зайыптылар болған.

Министрлік мәліметінше, азаматтар медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Құтқарушылар оларды жағаға аман-есен жеткізіп, қайықты сүйреп шығарды.

Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Қозғалтқышты алдын ала тексеру, құтқару жилетін кию және ауа райы жағдайын ескеріп шығу – адамның өмірі мен денсаулығын сақтау үшін маңызды шаралар болып табылады.

Айта кетейік, тауға баратын туристер ТЖМ-ге онлайн хабар бере алады.