— Арнайы зертхана мамандары 16 наурыз күні жылы ағысқа барып, одан сынама алған болатын. Су құрамын зерттей келе оның құрамынан мұнай өнімдеріне қатысты ластаушы заттар анықталмады. Ал өзен сағасын өндіріс үшін пайдаланып отырған «ЕЭК» АҚ Ақсу ГРЭС станциясының басшылығы кәсіпорында соңғы күндері ешқандай апаттық жағдай тіркелмегенін айтып отыр, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.
Департамент өкілі сондай-ақ өзен суының ластануы туралы жеке тұрғыннан шағым келіп түскенін жеткізді. Экологтар соған орай Ақсу ГРЭС станциясына тексеру жүргізуді ұйғарып отыр. Тексеру құқық қорғау органдарында тіркелген соң бірден іске кіріседі.
— Негізі «Теплая течение» сағасын «ЕЭК» АҚ ғана пайдаланып отырғанын білуіміз керек. Ертіс өзенінен бөлініп ағатын су арнасы электр стансасына салқын күйінде еніп, одан қызған күйінде шығады. Су ағысын ластайтын өзге кәсіпорындар маңайда жоқ. Сондықтан жоғарыда болған жағдай біз үшін беймәлім болып отыр. Кәсіпорын шын мәнінде суды ластап келген болса, зертханалық зерттеулер оны анықтар еді. Ертіс өзенінің суы таза, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, — деп қосты Әсет Сыздықов.
Бұған дейін Ертіс өзенінің жылы ағысы мұнай өнімдерімен ластануы мүмкін екені туралы жазғанбыз.
Ал облыс орталығын ауызсумен қамтамасыз етіп тұрған кәсіпорынның зертханасы жедел түрде ауызсудан сынама алып, нормативтік көрсеткіштерден ауытқулар табылмағанын мәлім еткен.