Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемі былтырғыдан аз болады

Фото: Фото: Наталья Зинченко / Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Абай облысындағы Шүлбі су қоймасы бүгінде 80%-ға ғана толып тұр. Бұл Ертіске жіберілетін су көлемінің азаюына ықпал етуі мүмкін.

Ертіс өзеніне көктемгі су жіберудің жоспары мен мерзімдерін белгілейтін ведомствоаралық комиссияның отырысы сәуір айының 8-9 күндеріне белгіленген. Дей тұрғанмен биыл Шығыс Қазақстандағы су қоймаларының толу деңгейі көңілден шықпай отыр.

- Биыл Ертіске босатылатын судың көлемі былтырғыдан аз болатыны қазірден белгілі. Шамамен 6 млрд текше метрдей болып қалар. Себебі негізгі су жіберілетін Шүлбі су қоймасында жиналған судың жағдайы мәз емес. Қойманың 80%-ы ғана толған. Ал су босату іс-шарасын жүргізу үшін деңгейі 100%-ға жақындауы керек. Аталған гидротехникалық құрылыс өзенге су босату кезінде маңызды рөл ойнайды. Себебі бұл уақытта ағыстың жылдамдығы секундына 3,5 мың текше метрге жетуі керек. Ал Бұқтырмада ағып шығатын судың екпіні одан бәсең, шамамен 1000 текше метрдей болып қалады,-дейді Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров.

Маманның түсіндіруінше, бұған бірнеше фактор себеп болып отыр. Біріншіден, қоймада жиналған судың көлемі жеткіліксіз болса, екіншіден, былтыр күзде ылғал аз түсті. Ал қыстай жауған қардан ылғал мол жиналғанымен топырақта қатқан тоңның жұқа болуы теріс әсер еткен. Яғни, жазғытұрым жер тез жібіп, сай-саладан аққан судың көп бөлігі қоймаға жетпей жолай топыраққа сіңіп жатыр.

Өзен бойында қазіргі уақытта мұздардың сөгілу процесі басталды. Шамамен 5-10 сәуір аралығында сең жүреді деп күтілуде. Сең жүріп өткен соң бірден су босату шаралары жүзеге асады. Жоғарыда айтқандай, оның көлемі мен мерзімін ведомствоаралық комиссия белгілейді.

Елеусіз Қамбаров аталған көлем тек болжам екенін айтып өтті. Су жіберудің жылдамдығы жоғары болса, жайылымды су басу көлемі былтырғыдан асып кетуі мүмкін.

Еске сала кетейік, кейінгі 11 жылда былтыр алғаш рет Ертіс жайылмасының 90 пайызын су басқан. 

Ал «Ертіс» бассейндік инспекциясының мамандары биыл өзен жайылмаларының 80%-дан астамын суландыруға мүмкіндік бар екенін айтқан еді.