Павлодарда құны 150 млн теңге мемлекеттік сатып алудың күші жойылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  Жеті сатып алушы бойынша тауардың фирмалық атауы заңсыз көрсетілген. Ал Павлодар қалалық коммуналдық бөлімі «Қазақстан темір жолы» балансында тұрған көпірді жарықтандыруға конкурс ойнатпақ болған.

Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

Павлодар облысындағы «Константиновский арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету психоневрологиялық орталығы» КМУ қамқорлығындағы адамдарға жұмсақ құрал-жабдықтарды, киім-кешек пен аяқ киімдерді жеткізу үшін жеткізушілермен 40 лот бойынша шарттар жасаған. Техникалық ерекшелігінде тауарлардың сипаттамаларын «WhatsApp» қосымшасы арқылы келісу керек екені көрсетілген.

«Мемлекеттік сатып алулар саласында бұдан да басқа заң бұзушылықтар кездесті. ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (38-бабы 2-тармағы) талаптарына қарамастан, 7 сатып алу бойынша жеке әлеуетті өнім берушіге тиесілі екенін көрсететін тауардың фирмалық атаулары заңсыз көрсетілген. Кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір жағдайда бюджеттің тиімсіз жұмсалуы тоқтатылды. Прокуратураның ұсынысы бойынша Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің теміржол көпірін жарықтандыруға мемлекеттік сатып алудың күші жойылды. Жарияланған сома 150 млн теңге еді. Теміржол көпірі «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалының балансында тұрғанына қарамастан, тапсырысты жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі берген», - деп мәлімде прокуратурадан.

Бүгінде әлгі ақшалай қаражат автожолдарды жөндеуге қайта бөлінгені белгілі болды. Ал кінәлі тұлға жауапқа тартылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін прокуратура органдары Ертіс-Баян өңірінде 210 мың гектар жер заңсыз берілгенін анықтаған еді.