Елік қыстан қалай шығады: орманшылар Ертіс жайылмасындағы жануарлар туралы айтты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзенінің Павлодар өңіріндегі жайылмасы еліктер үшін қолайлы мекенге айналып келеді. Кейінгі жылдары жануарлар еселеп өсіп, жалпы саны 800-ден асып отыр.

Фото: Аждар Жүсіпов

Өзен бойындағы тоғайды паналайтын еліктердің қыстан аман-есен шығуына орманшылардың сіңіріп отырған еңбегі мол. Олардың жем-шөбін қамдап, жыртқыштар мен браконьерлерден қорғайды. Жабайы жануарлардың тіршілік ортасы туралы кеңінен біле түсу мақсатында Павлодар орман мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповті әңгімеге тарттық.

Фото Аждар Жүсіповтің жеке архивінен

— Аждар Сағынтайұлы, әңгімемізді Ертіс жайылмасынан бастасақ. Кейінгі жылдары мұнда еліктердің көбейгені байқалады. Бұл аумақ олар үшін несімен қолайлы?

— Ертіс жайылмасында еліктер өздерін жақсы сезінеді. Мұнда олардың тіршілік етуіне қолайлы табиғи орта бар. Тоғайлы алқаптар мен бұталардың арасын паналап, қорек таба алады. Оның үстіне, жайылмада аң аулауға тыйым салынған. Жануарларды қорғау бағытында орманшылар тұрақты жұмыс жүргізеді. Еліктердің саны да соған орай еселеп өсу үстінде. Орманды аралау кезінде үркек жануарларды жиі кездестіреміз. Кейде Павлодар қаласының маңында да байқалып қалып жүр. Тіпті қысқы уақытта қала аумағына кіріп кететін жағдайлар бар. Бұл өңірде жабайы жануарлардың саны қаптап өсіп келе жатқанын білдіреді.

Фото: Аждар Жүсіпов

— Алда қыс келе жатыр. Ертіс жайылмасындағы еліктер суықты қалай өткереді?

— Қыста жануарлардың тіршілігі қиындайтыны мәлім. Қорек табу да, қозғалыс та ауырлай түседі. Сондықтан біз қысқа алдын ала дайындаламыз. Жайылмадағы тоғайларға арнайы азықтандыру орындары мен тұзжалағыштар әзірлейміз. Онда өзіміз дайындаған жемшөпті, астық дәндері мен тұз саламыз. Мұның бәрі қыс кезінде жануарларға қосымша қорек болады. Қар қалыңдағанда, қатты аяз тұрғанда, яғни азық табу қиындаған шақта мұндай көмектің маңызы зор.

— Еліктердің қоректену ерекшелігі туралы айтып беріңізші. Қыста рационы өзгере ме?

— Бұлар — шөпқоректі жануарлар. Жылы мезгілде шөппен, жапырақтармен, жас өркендермен қоректенеді. Қыста азық табу қиындайтындықтан, ағаштар мен бұталардың бүршіктерін, жас бұтақтарын пайдаланады. Біз дайындайтын азықтандыру орындары да осы кезеңде пайдалы. Тұзжалағыштардың да өзіндік маңызы бар, жануарлар тұз арқылы ағзасына қажетті минералды заттарды сіңдіреді.

Фото: Аждар Жүсіпов

— Қазір Павлодар облысында қанша елік бар?

— Біздің мекеме облыстың алты ауданындағы орман мен жануарлар дүниесін қорғауға жауапты. Аталған аумақтарда орманшылардың бақылауы бойынша 800-ден астам елік кездеседі. Нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін. Аң-құсқа қатысты деректерді тұрақты жинаймыз. Орманшылар аумақты аралау кезінде кездескен жабайы жануарлар мен құстарды арнайы журналдарға тіркеп отырады. Бұл олардың таралуын бақылауға және табиғаттағы өзгерістерді байқауға мүмкіндік береді. Жалпы Ертіс жайылмасындағы еліктер дала елігі және сібір елігі болып екіге бөлінеді. Мәселен сібір елігінің салмағы 28-43 килограм, тұрқы 88 сантиметрге дейін жетеді. Жабайы жануарлар 8-10 жыл тіршілік етеді.

— Еліктердің қала маңында жиі байқалуы нені аңғартады?

— Жоғарыда айтқанымдай, Павлодар қаласының айналасында да еліктер көп. Кейде елді мекендерге жақындап, шаһарға кіріп кетеді. Мұндай жағдайда тұрғындардың абай болғаны жөн. Жабайы жануарға жақындап, үркітуге болмайды. Елік — өте сақ жануар. Адамды сезсе, бірден қашуға тырысады. Сондықтан оны тыныш бақылап, өз жолымен кетуіне мүмкіндік берген дұрыс. Екіншіден, оны ұстап алуға, сипауға немесе қолдан қоректендіруге болмайды. Егер жарақаттанғанын байқасаңыз немесе қауіп төніп тұрса, тиісті қызметтерге хабарлаған дұрыс. Кейде адамдар серуендеп жүріп шөп арасында жатқан кішкентай елікті көріп, оны қараусыз қалды деп ойлайды. Бірақ енесі жақын маңайда бой тасалап тұруы мүмкін. Сондықтан төлді бірден алып кетуге асықпаған абзал.

Фото: Аждар Жүсіпов

Жалпы жабайы жануарлардың жағдайын қадағалау маңызды. Табиғаттағы өзгерістерге назар аударып, бойынан күмәнді белгілер байқалса, тиісті мамандарға хабарлау қажет. Жануарлардың саулығы — табиғатты қорғау жұмысының маңызды бөлігі.

— Ертіс жайылмасында жыртқыш жоқ па?

— Жайылмада қасқыр жоқ. Дегенмен еліктер санының өзгеруіне бір ғана жағдай әсер етеді деп айту қиын. Олардың тіршілігіне қорек қоры, ауа райы, мекендеу ортасы және өзге де факторлар ықпал етеді. Біздің міндетіміз — жануарларды қорғау, олардың мекенін сақтау және заңсыз аң аулауға жол бермеу. Өкінішке қарай, өңірде заңсыз аң аулау деректері тіркеліп тұрады. Еліктерді заңсыз аулауға қатысты бірнеше іс сотқа жолданды. Олардың қатарында төрт елікті аулау дерегі де бар. Айыппұлдар мен келтірілген залал мемлекет бюджетіне төленді. Қару-жарақ, қарда жүретін көліктер мен мотоциклдер тәркіленді.

Жабайы жануарларды қорғау үшін заң талаптарының орындалуы маңызды. Әсіресе қыс мезгілінде тоғайға көлікпен кіріп, жануарларды мазалауға жол бермеу керек. Табиғаттағы тыныштықтың сақталуы да олардың қауіпсіздігіне әсер етеді.

Фото: Аждар Жүсіпов

— Жануарларды бақылау мен зерттеуде заманауи технологиялар қолданыла ма?

— Иә, қазіргі кезде жабайы жануарларды зерттеуде фототұзақтар мен цифрлық карталар пайдаланылады. Мәселен, «Ертіс орманы» резерваты аумағында бірнеше жыл бұрын жануарлардың мекендеу орындары мен популяциясын зерттеуге бағытталған ғылыми жоба басталған. Фототұзақтар жануарларды мазаламай-ақ, олардың табиғи ортадағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Ал орманшылардың күнделікті есебі де маңызды. Біз кездескен аң-құс туралы мәліметтерді журналдарға енгізіп отырамыз. Осындай бақылаулар табиғаттағы өзгерістерді бағалауға көмектеседі.

Ең бастысы Ертіс өзеніің жайылмасы еліктер үшін қолайлы мекен болып қала беруі керек. Ол үшін тоғайдың тыныштығын сақтап, жануарларға қамқорлықпен қарауымыз қажет.

— Әңгімеңізге рақмет!

Бұған дейін еліктердің елді мекендерді жиі жағалай бастауының сыры неде екенін жазғанбыз.