Ертіске шомылатын «морж» Жылыбек Қалиев аязды күні суға түсудің пайдасы жайлы айтып берді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Қыс бойы өзен-көлге шомылған Жылыбек Қалиев көктемде вирустан да, түрлі аурулардан да қорықпайды. Себебі денесі шыныққан, иммунитеті көтерілген. Ол Өскемендегі «Боран» шынығу және қысқы жүзу клубының мүшесі. Осы ретте Kazinform тілшісі Жылыбек Қалиевты әңгімеге тартып, сарышұнақ аязда суға түскеннің әсері мен пайдасы жайлы сұрады.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Алғаш рет қыстың күні суға қашан түстіңіз?

— «Боран» шынығу және қысқы жүзу клубына 2019 жылы келіп қосылдым. Осы клуб жайлы таныстарымнан естігенмін. Негізі бұрындары да қыста суға түссем қалай болады деп ойлап жүретінмін. Сол ойыма сай азаматтар жолығып, құлшына бардым. Әуелде ережелерімен танысып, суға түсуді неден бастау керек екендігін үйрендім.

— Сонда неден бастау керек екен?

— Бірден аязды күні барып суға «күмп» ете кетпейсің, әрине. Себебі денең әлі ондайға дайын емес. Ауырып қалуың ықтимал. Әуелі кросс жүгіреміз, одан кейін әр түрлі жаттығулар жасаймыз. Клубқа қосыларда денсаулығыңды тексертіп, медициналық анықтама өткізу қажет. Клубтың тәжірибелі мүшелері суға қалай шомылу керектігін үйретіп көрсетеді. Алғаш түскенде суда көп болмай, лезде шығасың. Ағзаң үйреніскен соң аз-аздап қоса бастайсың.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Мұздай суға шомылғанда қандай әсерде боласыз?

— Ерекше сезім. Ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тек сезіну керек. Судан шыққанда жаңарып, жасарып қаласың. Менің суға шомылғандағы басты мақсатым — өзімді сергек сезіну. Күн сайынғы шаруалардан мең-зең болып жүрген басың суға түскен соң айығып, жаман ойлардан арылып, тазарып қалғандай боласың. Бұған үйреніп алғаннан кейін тұла бойың соны қалап тұрады. Сөйтіп суға түсетін сәтті тағатсыздана тосып жүресің.

— Клуб жайлы кеңірек айта кетсеңіз. Қай жылы құрылған?

— Бұл клуб 1973 жылы құрылған. Оның басы-қасында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, суретші Борис Французов тұр. Ниеттес, пікірлес бірнеше адаммен бірігіп, қыста суға шомылып жүрген. Кейін қызығушылық танытқандар көбейіп үлкен клубқа айналды. Қазір негізгі ғимараты Өскемендегі Комсомол аралында орналасқан. Ішінде жаттығу жасайтын, киім ауыстыратын және ас-су ішетін бөлмелер бар. Мүшелері жылына 10 мың теңге жарна төлейміз. Клуб аптасына екі рет сенбі, жексенбі күндері сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді.

— Қыста суға түсудің пайдасы қандай?

— Суға түсіп жүргеніме 4 жылдан асты. Осы уақыт аралығында бірде-бір рет суық тиіп, тұмауратқан жоқпын. Қыста да, көктемде де ауру-сырқаттан ада болып, өзімді жеңіл сезініп жүрмін. Сондықтан пайдасы ұшан-теңіз дер едім.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Клуб мүшелері тағы қандай спорт түрлерімен айналысасыздар?

— Өзім жеңіл атлетикамен айналысқанды жақсы көремін. Тауға барып шаңғы тепкен де ұнайды. Клубтағы жігіттер арасында бассейнде жүзіп, үстел теннисін ойнап тұратындар бар.

— Алғаш шомылғандар суда көп болмай, лезде шығатындығын айтып қалдыңыз. Ал денесін шынықтырып, әбден ысылған адам суда қанша секунд тұрады?

— Мәселен, мен суда 8 секунд тұра аламын. Бірақ негізгі мақсат суда көп тұру емес. Ең бастысы — жүйелі түрде суға түсіп отыру. Клуб жұмыс істейтін сенбі, жексенбіні тосып жүрмей арасында жұмыс күндері де Ертіс өзенінің жағасына барып шешініп, бір малтып алатыным бар. Одан соң сүртініп, киімімді киіп, ары қарай кете беремін. Былай қарасаң ешқандай шығынды қажет етпейтін, денсаулыққа пайдасы орасан зор іс. Керісінше, қаражатыңды үнемдейді. Ауырып қалып, дәрі іздеп жүрмейсің. Көп уақытты да қажет етпейді. Сол үшін баршаңызға кеңес беремін.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан