«Қазақстан Республикасының аумағында Ертіс трансшекаралық өзенінің пайдаланылатын кеме қатынасы учаскелерінің ұзындығы 1 600,5 шақырым. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Ертіс бассейнінде тасымалдау көлемі 1,1 млн тонна болды. Кеме жүрісінің габариттерін қамтамасыз ету мақсатында Ертіс өзенінде шамамен 2,3 млн текше метр көлемінде түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бұл 2022 жылғы көлемнен 64 пайызға артық», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі бекітілген тұжырымдамасына сәйкес «Қытай-Қазақстан-Ресей» бағытында Ертіс өзенімен мультимодальды транзиттік тасымалдарды ұйымдастыру көзделеді.
«Осыған байланысты Ресей және Қытай тараптарымен осы тасымалдарды ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Ресей мен Қытайға сынақ рейсін жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру өзен көлігімен жүк тасымалдау көлемін 2030 жылға қарай жылына 2,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Роман Скляр.