АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында 7 желтоқсанда ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) сынға түсті.
Қазақстандық былғары қолғап шебері алғашқы жекпе-жегінде моңғолиялық Даваадал Алтангэрэлмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында ол қарсыласынан жинақы қимыл көрсетті.
Соққыны көбірек жұмсады. Қарсыласын үш мәрте нокдаунға түсірді. Осылайша моңғолиялық боксшыны тізе бүктіріп, жарыстың келесі сатысына шықты.
Енді ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (70 келі) армениялық Арарат Арутюнянмен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі), Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.